• г. Алматы, Ауэзова 37, +7 (727) 375–08–88
21.02.2018 admin

Несиеге телефон алғаннан несиеге тіс емдеткен әлдеқайда дұрыс – Бағлан Шаншаров

Несиеге телефон алғаннан несиеге тіс емдеткен әлдеқайда дұрыс – Бағлан Шаншаров

Фотография - Несиеге телефон алғаннан несиеге тіс емдеткен әлдеқайда дұрыс – Бағлан Шаншаров

Сурет Бағлан Шаншаровтың жеке мұрағатынан

Тіс дәрігері Бағлан Шаншаров тіс емдеудегі трендтерге тоқталды. Стоматологияны бизнеске айналдыру қаншалықты тиімді?

12 ақп. 2018 17:50 1067 2

Бүгінде тіс емдеуде түрлі трендтер бар. Әсіресе адамдар тістің эстетикалық тұрғыда әдемі болғанын қалайды. Ал стоматологиядағы эстетиканың биік шыңы — тіске винир орнату. Елімізде винир қойған алғашқы тіс дәрігері — Бағлан Ғалымов. Бүгінде ол жеке тіс емханасын құрған, еліміздегі табысты стоматологтардың бірі. Today.kz Бағлан Шаншаровпен сұхбаттасып қайтты.

— Қайырлы күн, Бағлан Ғалымұлы. Кез келген адам бала кезінде тіс дәрігерінен қорыққан шығар. Сіз бұл салаға қалай келдіңіз?

— Негізі менің әке-шешем дәрігер, олар фармацевт. Мен де дәріханашы боламын деп ойлайтынмын. Бірақ есейе келе  дәрігер болғым келді. Менің әкемнің стоматолог досы бар еді. Сол кісіге қарап стоматолог боламын деп шешім қабылдадым. 10 сыныптан бастап осы мамандыққа дайындала бастадым.  Содан кейін сынаққа дайындалып, Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түстім. Алты жыл оқыдым. Осы уақытқа дейін қиын, жаман кездер болды. Бірақ осы салаға келгеніме өкінген кездер еш болған жоқ.

— Қазір жеке клиникаңыз бар. Бұл жағдайға жету оңай болмаған шығар?

— Әрине, бірден ештеңе болмайды ғой. Университетті аяқтаған соң ұстазымның емханасында ассистент болып қызметімді бастадым. Негізі көп дәрігерлердің еңбек жолы осылай басталады. Одан кейін мемлекеттік емханаларда жұмыс істедім. Бірақ түрлі замануи техникаларды меңгеріп, өзімді дамытқым келді. Сосын таныс дәрігер өзінің жанына жұмысқа шақырды. Сол кезде ол кісінің емханасы ең беделді емханалардың бірі еді. «Кел, үйретемін» деді. Жасыратыны жоқ, көп нәрсе үйрендім. Бірақ мен пайызға жұмыс істей алмадым. Оның үстіне үнемі екінші орында жүргім келмеді. Сосын өз бизнесімді ашқым келді. Ол кезде үйленбегенмін, бағатын бала-шағам жоқ. Тәуекелге бел байлағанда жоғалтатын ештеңем жоқ. Алдымен тіс техникалары бар лаборатория құрдым. Содан кейін ғана клиниканың жұмысын бастадым. Алғашында командамда жалғыз өзім ғана болдым.

Фото -

— Сіздің тіске винир қоюдан еліміздегі білікті мамандардың бірі әрі бірегейі екеніңізді білеміз. Жеке клиникаңыздың қандай жетістіктері бар?

— Негізі осыдан шамамен 10 жыл бұрын тіске винир қоюға болатыны туралы баяндама жасағанымда көп тіс дәрігерлері мені сандырақтап тұр деп ойлады. Қазақстанға мұндай техниканың келетініне сенген жоқ. Тіпті, «қайдағы жоқты айтпа, винир деген түсіп қалады» деген әңгіме айтқан адамдар көп болды. Бірақ кезінде винирдің не екенін білмеген, винирды жамандаған дәрігерлердің өзі қазір «винир орнатамын» дегенін естігенде күлкім келеді. Жеке клиникамды ашқаныма 3 жыл ғана болды. Осы уақыт аралығында команда жинау қиын болды. Бірақ қазір жиналған дәрігерлер нағыз мамандар деп толық айта аламын. Мысалы, былтырдың ішінде 4 мыңнан астам винир қойдық. Бұл өте көп.

Фото -

Фото -

— Қазір стоматологияда қандай трендтер бар?

— Стоматологияда эстетика трендте. Кезінде имплантация сәнде болатын. Қазір оның орнын  эстетика басты. Әр адам — өзгеше жаратылыс. Әр адамның өзінің күлкісі болады, біз соны естуіміз керек. Тісті емдегенде немесе сәндегенде басты нәрсе — адамның өзіне ғана тән күлкісін шығару.

— Сіздің еліміздегі өнер иелерімен де жақсы жұмыс істейтініңізден хабардармыз. Жалпы жұлдыздармен жұмыс істеу қаншалықты қиын?

— Барлығымен жұмыс істеу жақсы болды. Жұлдыздармен жұмыс істеу қарапайым тұрғындармен жұмыс істегенмен бірдей. Негізі қиындық туғызатын пациенттер — шет елден келетін адамдар. Олардың көз қарастары да басқа, талап ететін нәрселері де басқа болады. Біздің жұмыстарымызды әлеуметтік желіден  көреді де, өзге мемлекеттерден арнайы келеді. Себебі қандай да бір процедура олардың елінде айтарлықтай қымбат, ал біздің елде олардың ақшасымен арзан болуы мүмкін.

Фото -

Фото -

Фото -

Фото -

— Стоматологтар көбінесе нені назардан тыс қалдырады?

— Негізі тіс дәрігерлері емделушіні тексеріп, не істеу керек екенін айтады. Бірақ көбінесе пациентке не керек, не қалайды деген нәрсеге ойланбайды. Пациентке не ұнайтынын сұрамайды. Тек өзіңнің ғана қалағаныңды істемей, емделушінің де талап-тілегіне назар аудару керек. Сонда жұмыс өнімді шығады. Әрі пациент те риза болып кетеді. Маған бұрын жиырма мен қырық жас аралығындағы адамдар жиі келетін. Бірақ кеше 60 жастағы ата да келді. «Тісім жақсы, тамақты да тәп-тәуір жей аламын. Тек күлкім ұнаймайды» дейді. Негізі әдемі күлкі жас талғамайды, әдемі күлкі барлық жасқа жарасады.

— Тісіне винир қойдыратын адам неге мән беруі керек?

— Винир қойдыратын пациент ең бастысы дәрігерді дұрыс таңдауы керек. Дәрігердің тәжірибесіне назар аударуы керек. Сосын бір ғана бағытта қызмет етіп жүрген дәрігердің қызметіне жүгінуі керек. Мысалы «жалпы тәжірибе дәрігері» деген дәрігер болмайды. Кез келген дәрігер өз саласының бір бағытында мықты, бір бағытында осал болады. Мен де кейбір бағыттарда осалмын. Барлығын білемін. Бірақ білу бір бөлек, істеу мүлдем басқа. Дәрігерлер өзінің білімсіздігінен көп жағдайда зақым келтіріп жатады. Тісті қатты егеп, бүлдіріп алады. Егер кез келген дәрігер ол істі істей алатына күмәндана ма, онда ол іске кіріспегені дұрыс. Өйткені барлық дәрігер Гиппократ антын береді. Ол анттың ішінде пациентке зақым келтірмеу деген де бар. Жалпы, винирді 4 пен 10 күн ішінде орнатуға болады. Көбіне тіс емдеу қымбатқа шығуы мүмкін. Бірақ қазір медициналық қызметтің бәріне несие беріледі. Менің ойымша, несиеге телефон алғаннан гөрі несиеге тіс емдеткен әлдеқайда дұрыс сияқты.

— Осы бизнесте жасаған қателіктеріңіз бар ма?

— Қате жасамай тұрып дұрыс нәрсе жасай алмайсың. Бірақ бір қатені екінші рет қайталауға болмайды. Алайда қате жасамау ештеңе жасамаумен бір екенін естен шығармау керек. Тіс емдеуде қателесуге мүлдем болмайды. Бірақ бизнесте қателеспей ештеңеге жете алмайсың. «Мынау мынан жасады, ол қате болды, мен оны жасамаймын» деп бір істен теріс айналатын адамдар да бар. Жоқ, жаса. Мүмкін ол адам жасай алмаған нәрсені, сен жасай алатын шығарсың, сенің қолыңнан келетін шығар. Мен бизнесті бастағанда маған көп жарнама агенттігі хабарласатын. «Кәсібіңді бірден танымал қыламыз, табысың көп болады» дегендердің саны қанша болғаны, тіпті, есімде жоқ. Мен ол жарнама агенттіктерінің бәріне кірдім. Солай қателесіп барып, қазір ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін оңай айқындай аламын.

— Бағлан Ғалымұлы, сұхбатыңызға көп рақмет! Көпшілікке көбірек күлкі сыйлауыңызға тілектеспіз!


Жазба авторы:

Тойгүл Нұржанқызы